“Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-151 бұйрығының 2 – қосымшасы бойынша Медициналық ұйымдар қызметкерлерінің қолды гигиеналық өңдеуі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200030928
1. Медициналық ұйымдарда медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекция (бұдан әрі – МККБИ) қоздырғыштары берілуінің және таралуының негізгі факторы медицина персоналының манипуляциялар жасау кезінде немесе медициналық ұйымның сыртқы ортасының әртүрлі объектілерін (аппараттарды, аспаптарды, пациенттерге күтім жасауға арналған заттарды, санитариялық-техникалық жабдықты, төсек-орын жабдықтарын, медициналық бұйымдарды, таңу материалын, медициналық қалдықтарды) ұстау кезінде қолының ластануы болып табылады.
2. Микроорганизмдердің қол арқылы берілу жолдарын болдырмау және МККБИ пайда болуы тәуекелін азайту үшін медициналық ұйымдар қызметкерлері қолдарын ластанатын немесе ластануы мүмкін болатын барлық жағдайларда өңдеуі қажет.
3. Медициналық манипуляцияларды жүзеге асыратын медицина персоналы қолын тиімді өңдеуді қамтамасыз ету үшін мынадай талаптарды сақтауы қажет: тырнақты алу, қолға лак жақпау, жасанды тырнақтың болмауы, зергерлік бұйымдар мен сағат, білезік тақпау, қолды зақымдаудың болмауы, білекті киім жауып тұрмауы тиіс.
4. Медициналық ұйымдар қызметкерлерінің қолды гигиеналық өңдеуінің үш тәсілі бар:
1) қолды антисептик қолданбай, сабынмен және сумен жуу;
2) қолды антисептик қолдану арқылы (гигиеналық) өңдеу;
3) қолды хирургиялық дезинфекциялау.
1. Қолды антисептик қолданбай, сабынмен және сумен жуу
5. Қолды антисептиктерді қолданбай, сабынмен және сумен жуу мынадай жағдайларда:
1) тамақ өнімдерімен жұмыс жасаудың, тамақ дайындаудың және үлестірудің алдында;
2) тамақ ішу алдында;
3) дәретханаға барғаннан кейін;
4) пациентпен тікелей байланыс болмаған кезде пациентке күтім жасағанға дейін және одан кейін (төсек-орын жабдықтарын ауыстыру, үй-жайды жинау);
5) инфекциялық және паразиттік аурулардың белгілері бар пациенттерді қоспағанда, науқастың зақымдалмаған терісін ұстағаннан кейін (пальпациялау, пульсті, артериялық қысымды өлшеу);
6) жұмысқа тұру/жұмыстан кету кезінде;
7) қол қатты ластанған барлық жағдайларда жүргізіледі.
6. Қолды жуу үшін жылы ағынды су, дозаторы бар құтылардағы сұйық сабын, бір рет қолданылатын сүлгілер немесе сулықтар пайдаланылады. Жартылай босаған құтыға сұйық сабын құюға болмайды.
7. Қолды жуу мынандай реттілікпен жүргізіледі:
1) су құбырының шүмегін ашыңыз;
2) қолыңызды жылы сумен жуыңыз;
3) суланған қолыңызға сабын жағыңыз;
4) қолды еуропалық стандартына сәйкес өңдеңіз (әр қимыл кемінде 5 рет қайталанады, қолды өңдеу 30 секунд ішінде жүзеге асырылады):
– бір алақанды екінші алақанмен үйкелеп ілгері-кері ысқылап жуыңыз;
– оң алақаныңызбен сол алақанның сыртын ысқылаңыз, қолыңызды ауыстыра отырып жуыңыз;
– бір қолдың саусақтарын екінші қолдың саусақ аралықтарымен біріктіріп, саусақтардың ішкі жақтарын жоғары және төмен қарай ысқылаңыз;
– саусақтарды біріктіріп, “құлып” жасаңыз да екінші қолдың алақанын бүгілген саусақтардың сыртымен ысқылаңыз;
– оң немесе сол қолдың бас бармағымен және сұқ саусағымен сол немесе оң саусақтың басын ұстап, айналдыра ысқылаңыз. Білекті айналдыра ысқылаңыз;
– оң немесе сол қолдың саусақ ұштарымен сол немесе оң қолдың алақанын дөңгелете отырып ысқылаңыз;
5) қолыңызды бір рет қолданатын сүлгімен немесе сулықпен құрғатыңыз;
6) сүлгіні қоқыс жинауға арналған жәшікке немесе контейнерге тастаңыз;
7) шүмекті шынтақпен немесе қолды кептіруге арналған сулықпен жабуға болады.
2. Қолды антисептик қолданып өңдеу
8. Антисептиктерді қолданып өңдеу мынадай жағдайларда:
1) пациентпен байланыс алдында;
2) тазалау/асептикалық ем-шара алдында;
3) биологиялық сұйықтықтармен байланыс тәуекелімен байланысты жағдайдан кейін;
4) пайиентпен байланыстан кейін;
5) пациенттің айналасындағы сыртқы орта объектілерімен байланыстан кейін жүргізіледі.
9. Қолды антисептик қолданып өңдеу екі сатыдан тұрады: қолды сабынмен және сумен жуу және тері антисептигімен дезинфекциялау. Қолғап кию қажеттілігі болмағанда биологиялық сұйықтықпен байланыс болмағанда антисептикпен ғана өңдеу техникасын пайдалану қажет.
10. Қолды антисептик қолданып өңдеу кезіндегі іс-қимыл реттілігі:
1) осы Санитариялық қағидалардың 9-тармағына сәйкес қолды сабынмен және сумен жуу;
2) алақанға көлемі кемінде 3 милилитр антисептик жағып еуропалық стандарты бойынша қозғалыс реттілігін сақтай отырып, толық кепкенге дейін қол терісін ысқылау керек (антисептик жаққанған кейін қолды сүртпеу керек);
3) антисептикпен өңдеудің 6 сатысын жүргізу аяқталғанға дейін экспозиция уақытын ұстай отырып қол ылғалды күйде қалуы тиіс.
11. Қолды өңдеу үшін жылы ағынды су, шынтақ дозаторы бар құтылардағы сұйық сабын, бір рет қолданылатын сүлгілер немесе сулықтар пайдаланылады. Қолды өңдеу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген және Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдар қолданылады.
12. Шұғыл жағдайларда немесе реанимация бөлімшелеріндегі жұмыс кезінде қолды сұйық сабынмен және сумен жуудың орнына антисептикті пайдалануға жол беріледі.
3. Қолды хирургиялық дезинфекциялау
13. Қолды хирургиялық дезинфекциялау мынадай жағдайларда:
1) кез-келген жедел араласулардың алдында;
2) маңызды инвазиялы ем-шаралардың (мысалы, ірі қан тамырларын пункциялаудың) алдында жүргізіледі.
14. Қолды хирургиялық дезинфекциялау үш сатыдан тұрады: қолды механикалық тазарту, тері антисептигімен дезинфекциялау және бір рет қолданылатын стерилді қолғаптарды кию.
15. Қолды хирургиялық дезинфекциялау кезінде білек өңделеді, жылы ағынды су, шынтақ дозаторы бар құтылардағы сұйық сабын және антисептиктер, бір рет қолданылатын стерилді сүлгілер немесе стерилді сулықтар пайдаланылады.
16. Қолды және білекті хирургиялық дезинфекциялау кезінде оны еуропалық стандарт бойынша қозғалыс реттілігін сақтай отырып, сұйық сабынды қолдану арқылы жылы сумен жуады және стерилді сүлгімен немесе стерилді сулықпен құрғатады. Рәсімнің жалпы уақыты – 2 минут.
17. Механикалық тазарту кезеңі аяқталғаннан кейін 3 мл мөлшеріндегі антисептик еуропалық стандарты бойынша қозғалыстардың реттілігін сақтай отырып, қолдың терісіне дереу жағылады. Тері антисептигін жағу рәсімі 2 рет қайталанады, антисептиктің жалпы шығыны – 10 мл, рәсімнің жалпы уақыты – 5 минут.
18. Антисептик толық сіңгеннен кейін қолға бір рет қолданылатын стерилді қолғаптар киіледі.
Операция (ем-шара) аяқталғаннан кейін қолғаптар шешіледі, қолды сұйық сабынмен жуады және тері құрғамау үшін қоректендіргіш крем немесе лосьон жағады.